«Ахмет Байтұрсыновтың ғылыми-лингвистикалық мұрасы»
05-09-2022 18:24
Павлодар облысының білім беру басқармасының Білім беруді дамытудың инновациялық орталығы 2022 жылғы 5 қыркүйекте қазақ тіл білімінің негізін салушы ғалым, ақын, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойына арналған «Ахмет Байтұрсыновтың ғылыми-лингвистикалық мұрасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді. Конференция жұмысына республика бойынша және аймағымыздың ЖОО ғалымдары, тіл мамандары мен жанашырлары, колледж оқытушылары, жалпы білім беретін және мамандандырылған мектептер мұғалімдері қатысты. Мақсаты – ғалым-ағартушының қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының және ұлттық жазудың негізін салудағы еңбектерін талқылап, ғылыми-лингвистикалық мұрасын зерделеу. Пленарлық бөлімде Ахмет Байтұрсынұлының қызметімен байланысты өзекті мәселелер, қоғам қайраткерінің педагогикаға, лингвистикаға көзқарасы талқыланды. Конференция жұмысы «Оқуға шақыру», «Ұлт ұстазы», «Мектептің жаны – мұғалім» тақырыптық алаңшаларында жалғасты, ұлт ұстазының тіл білімі, терминология, әдебиеттану саласындағы және қоғамдық қызметі кеңінен талқыланып, талданды. Конференция қорытындылары бойынша қарар қабылданып, сындарлы кері байланыс орнады.