ҚАЗАҚ ТІЛІН САПАЛЫ ОҚЫТУ ЖҮЙЕСІ
27-01-2022 21:26

2022 жылғы 27 қаңтарда Білім беруді дамытудың инновациялық орталығы «Тіл – тұғырым» жобасы аясында қазақ тілі мен қазақ әдебиеті сабақтарының өткізілу деңгейін жоғарылату, сапалы оқыту шарттарын қарастыру мақсатында «ҚАЗАҚ ТІЛІН САПАЛЫ ОҚЫТУ ЖҮЙЕСІ»тақырыбында семинар өткізді.

Семинарға облысымыздың қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің 100 педагогі  қатысты.

Семинар жұмысы «Тіл – тұғырым» жобасының мақсат-міндеттерінен басталды. Жоба аясында атқарылатын іс-шаралар ортаға салынды. Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті сабақтарының оқытылу сапасын  арттыру болып табылатын жоба мақсатын жүзеге асыру үшін сапалы оқыту жүйесі қажеттілігіне назар аударылды. Ал сапалы оқыту дегеніміз – инновациялық технологиялар, оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері.

«Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті сабақтарында қолданылатын тиімді әдіс-тәсілдер» тақырыбымен Павлодар қаласының №2 ЖОМ-ның қазақ тілі мен қазақ әдебиеті мұғалімі Сапина Гүлнәр Калиханқызы іс-тәжірибесін таратты.

Ақсу қаласының Достық орта мектебінің  қазақ тілі мен қазақ әдебиеті мұғалімі Ауыт Қуатбек шағын жинақты мектептерде инновациялық технологиялар арқылы дарынды оқушылардың жұмысын ұйымдастыру жолдарын көрсетті.

Білім алушыларды қазақ әдебиеті пәнінде зерттеушілік жұмыстарға баулу бойынша Павлодар қаласының №25 ЖОМ-ның қазақ тілі мен қазақ әдебиеті мұғалімі Каирканова Нурсулу Жанатовна өз тәжірибесімен  жан-жақты бөлісті.

Мирманова Назымгуль Арстанбековна, Тереңкөл ауданының «Береговая ЖОББМ» қазақ тілі мен қазақ әдебиеті мұғалімі, белсенді оқыту әдістері бойынша тәжірибе алмасты.

Жаңа педагогикалық технологияларды пайдалана отырып, білім сапасын арттырудағы жетістіктерін Павлодар ауданының Кемеңгер ЖОББМ мұғалімі Досымханов Қайыржан Байтемірұлы ұсынды.

Семинар соңында тыңдаушыларға әдістемелік ұсынымдар беріліп, кері байланыс орнады.