Конкурстар және  жобалар Қашықтықтан оқыту қорытынды аттестаттау 9 сынып Пәндер Барлық құттықтаулар!
Жаңалықтар мұрағаты
Педагогтерді аттестаттау кезінде жиі қойылатын сұрақтар
24-06-2021 09:55

1. Білім беру ұйымдары кезекті аттестаттауға жататын, біліктілік тестілерінен бірнеше рет өтпеген және тестілеуден бас тартқан педагогтерге қатысты қандай іс-әрекеттерді және қалай, қандай нормативтік құжат негізінде жүзеге асыруы тиіс? Білім беру ұйымы комиссиясының шешімімен мүмкін бе?

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 14 мамырдағы №202 бұйрығының (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылы 15 мамырда №20636 болып тіркелген)36-тармағына сәйкес тестілеуден теріс нәтиже көрсеткен аттестатталушы адамдар аттестаттаудың екінші кезеңіне жіберілмейді.

Тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссиясының шешімімен бірнеше рет біліктілік тестілеуін тапсырмаған педагогтерге «педагог» біліктілік санаты беріледі. Осы біліктілік санаты келесі аттестаттау кезеңіне дейін сақталады.

 

2. Егер мұғалімнің біліктілік санаты төмендетілсе, төменгі біліктілік санатының қолданылу мерзімі қандай? Санаты төмен педагог алты айдан немесе бір жылдан кейін аттестаттауға қатысуға құқылы ма? Егер рұқсат етілсе, онда ол аттестаттаудың қандай түріне қатысады: кезекті немесе мерзімінен бұрын?

Егер педагог біліктілік санаттарын беру (растау) үшін кезекті аттестаттауға өтініш берілген санатқа балл жинамаған жағдайда, аттестаттау кезеңінде біліктілік санаты оның мерзімі өткенге дейін сақталады, одан әрі біліктілік санаты бір деңгейге төмендейді (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №192 бұйрығының 14-тармағы).Осы біліктілік санаты келесі аттестаттау кезеңіне дейін сақталады.

Келесі аттестаттау кезеңінде педагог біліктілік талаптарына сәйкес санатты беруге (растауға) тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссиясына өтініш береді.

Егер педагог аттестаттау рәсіміне жоспардан тыс қатысса, онда бұл аттестаттау мерзімінен бұрын болып табылады.

 

 3. Егер зейнеткер мұғалім өндірістік қажеттілікке байланысты келесі оқу жылында білім беру ұйымында педагогикалық қызметін жалғастырса, онда төмендетілген санаты келесі жылы тағы бір деңгейге төмендетілуі тиіс пе?

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 14 мамырдағы №202 бұйрығының (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылы 15 мамырда № 20636 болып тіркелді)4-тармағына сәйкес педагогтерді аттестаттау кемінде бес жылда бір рет өткізіледі.

Осыған байланысты, зейнеткерлік жастағы педагогтің біліктілік санаты берілген сәттен бастап оның мерзімі аяқталғанға дейін 5 жыл бойы жарамды.

 

4. CLIL әдістемесі және шет тілін меңгеру деңгейі бойынша сертификаттары бар педагогтердің қандай ерекшеліктері бар: (мысалы. IELTS-7,5 балл)

 Біліктілік санаты CLIL әдістемесі және шет тілін меңгеру деңгейі бойынша сертификаттары бар шет (ағылшын, неміс, француз) тілдерінің педагогтеріне жеке өтініші негізінде біліктілік санатын беру рәсімінен өтпей беріледі:

ағылшын тілі: IELTS-7,5 балл; TOEFL – 96 - 110 балл;

француз тілі: DELF-C2;

неміс тілі: Goethe Zertifikat-C2.

(Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №192 бұйрығының 2-тарауы, 3-параграфы, 50-т.).

 

 5. Педагогтердің біліктілік санаты қандай жағдайларда ұзартылады?

Біліктілік санаты педагогтердің өтініші негізінде, бірақ мынадай жағдайларда үш жылдан аспайтын мерзімге ұзартылады:

 1) "әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы № 367 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11512 болып тіркелген) әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың тізбесіне сәйкес педагогтің уақытша еңбекке жарамсыздығы);

 2) жүктілігі және босануы, бала күтімі бойынша демалыста болуы;

 3) Қазақстан Республикасынан тыс жерде қызметтік іссапарда, мамандығы бойынша оқуда (тағылымдамада) болуы;

4) біліктілік санаты берілген лауазымдағы жұмысты тоқтату себептеріне қарамастан, оны қайта бастау;

5) Қазақстан Республикасының шегінде жұмыс орнын ауыстыру;

6) жақын және алыс шетелдерден Қазақстан Республикасына келген адамдардың білімін, еңбек өтілі мен біліктілік санатын растайтын құжаттары болған кезде педагогикалық қызметті жүзеге асыруы;

7) Білім беру саласындағы уәкілетті органнан, білім беруді басқару органдарынан, әдістемелік кабинеттерден, біліктілікті арттыру институттарынан білім беру ұйымдарына ауысқандарға жүргізіледі.

6. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орнын «үздік» бітірген жас манандарға  педагогтерді аттестаттау бойынша қандай жағдай жасалған?

 Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орнын «үздік» бітірген педагогтерге «педагог-модератор» біліктілік санаты ұлттық біліктілік тестілеуінен өтпей беріледі (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №192 бұйрығының 2-тарауы, 3-параграфы, 50-т.).