Жаңалықтар мұрағаты
Пәндер Барлық құттықтаулар!
Аниярова Марал Оралбековна
26-12-2018 21:11
Аниярова Марал Оралбековна

Инновациялық жобаның атауы:

«Эссе – білім алушының  метатанымын жазылым         дағдысы арқылы бағалау жұмысы»

Жетекші идея:

Жаңартылған білім бағдарламасы шеңберінде көшбасшылыққа қабілетті тұлға қалыптастыру

Жоба мақсаты:

Білім алушының оқу сауаттылығы, ойлау, тілдік, метатанымдық біліктерін  жүйелеу   

Жоба міндеттері:

Білім алушыны  оқу сауаттылығы талаптарына  үйрету, оқылым дағдысын дамыту, өз ойын аргументтер арқылы талдауға, мәтіннің ойын жүйелі жинақтауға, сыни баға беруге қалыптастыру

Қолдану саласы:

11- сынып оқушыларының ұлттық бірыңғай тестілеудегі пән жұмысы, мұғалімдерге әдістемелік көмек

Жобаның қысқаша андатпасы:

Бұл жұмыс – жаңартылған бағдарламаның  шеңберінде ұлттық бірыңғай тестілеудегі пәнге дайындық  құралы. Мұғалімге оқушыны оқу сауаттылығы талаптарына дағдыландыру үшін, бағалау жұмысын кіріктірілген бағдарлама негізінде  жүргізе алу үшін керек.

Жүзеге асыруға дайындық дәрежесі:

Презентациялау, эссе жазуға дағдыландыру әдіс-тәсілдерімен практикалық жұмыс

Қолданудан күтілетін нәтижелер:

11- сынып оқушыларының мемлекеттік емтиханда жазатын жұмысы. Келешекте мамандығына сай мәтінмен дұрыс жұмыс жасай алуы.

 

Эссе - білім алушының  метатанымын жазылым

дағдысы арқылы бағалау жұмысы

            Эссе – бүгінгі білім беру үрдісінің талабы, жаңартылған оқу бағдарламасының сұранысы.  Яғни жаңа заманның баласы кез келген тақырыпта эссе жаза алу керек. Өзінің тілді меңгерген білігін, жазылым дағдысының деңгейін таныту қажет, метатанымын  пайдалануы қажет. Баланың өздігінен іздене алатындығын, өз көзқарасын сауатты жеткізе алатынын, кез келген тақырыптағы проблеманың адами тұрғыдан, қоғамдық тұрғыдан шешу жолдарын көре алатындығын көрсетуі керек. Яғни өзін-өзі реттей алуы шарт. Эссе жазуға біз дұрыс бағыт берсек, баланың ойлау туралы ойлауы да дұрыс қалыптасады.

        Тақырыптың өзектілігі мен маңыздылығы. Эссенің мемлекеттік емтиханда жазба жұмысы болып енгізілуі - жұмыстың негізгі өзектілігі.  Жаңартылған оқу бағдарламасының талабы болғандығы өзектілігін тереңдетеді. Сондай-ақ оқушының түрлі дағдыларын дамыту үшін  белгілі мақсаттармен жұмыс жасап жатырмыз. Сол дағдылардың бірі - жазылым дағдысы. Жазылым дағдысының тілдік білімі мен білігі  деңгейін бағалау жұмысы да осы эссе. Сыни ойлауды жетілдіру мен таныту құралы да осы эссе. Оқушының метатанымдық білігін қолдана алу мен шығармашылық қабілетін шыңдау құралы да эссе. Сондықтан да эссені жазуды үйретудің тиімді әдіс-тәсілдері пайдалы қажеттілік. Жұмысымның маңыздылығына тоқталсам, эссені дұрыс жаза алуға бағыт бере алсақ, оқушы өз ойы мен метатанымын жүйелей алады. Тақырып төңірегінде сыни ойлау мен жағдаятқа баға беруге қалыптасады. Ең маңыздысы - мемлекеттік емтиханды тапсыра алуы. Түптеп келгенде жазылым дағдысының  дамуы. Бүгінгі оқушы – ертеңгі сауатты маман. Кез келген сала маманының жазылым дағдысының қалыптасқандығы, жүйелілігі функционалды сауаттылықтың көрінісі.

           Эссе бүгінде  11 – сыныптың бітіру емтиханына енгізілді дедік. Мұндағы  негізгі мақсат та осы баланың ойлай алатындығын, тілдік  жазылым дағдысы арқылы тексеру, бағамдау және бағалау.  Білім саласында түрлі өзгерістер, реформа жүріп жатыр. Бұл да сол реформаның бір бөлігі.  Кез-келген мұғалімде бізге эссе жазуды курс жүргізіп ешкім үйреткен жоқ деген ой тууы мүмкін. Бұл эссе шыт жаңа дүние емес.  Сіздердің басым көпшіліктеріңіз деңгейлік курстан өттіңіздер, есеп жаздыңыздар. Ал сол есептің құрылысы қалай?  Не істедіңіз? Қандай кедергілерді көрдіңіз? Оларды қалай шешуге жол іздедіңіз? Нәтижесі қалай болды? Деген  сияқты сұрақтар төңірегінде ой топшыладыңыздар. Міне, осы жерде сіздерде де метатаным қолданылады. Оның сыртында баланың өздігінен қалай ізденіп оқуы керек, қалай сабақты өзі игеру керектігі туралы осы курс жүргізілді. Міне, эссе жазуға бағыт осы жерден басталуы керек. Мен мұны тыңнан шыққан дүниені бізден сұрап жатыр деп айтпасын деп жазып отырмын.

Жұмыстың жаңашылдығы эссе жазудың тиімді әдіс-тәсілдері.  Оқушының эссені тез және өнімді жазуы үшін бірнеше әдіс-тәсілдер құрастырдым.Осы жұмыс тәжірибемді ортаға салмақпын.

Бірінші әдіс. Бүгінгі күнде оқушының да, мұғалімнің де алдында «Эссе деген не?», «Эссені қалай жазады?» деген сауал бар. Осы сұрақ төңірегінде жұмыс жасадым. Алдыма келген әрбір жаңа шәкіртке алғашқы сауалдың жауабын өзіне тапқызу үшін бірнеше сөздер банкасын ұсынамын. Мәселен:

 «сөз  санымен саналады           бетпен саналады      кіріспе       негізгі бөлімі       қорытынды бөлімі     диаграмма           статистикалық мәлімет        аргумент         аргументті талдау          талдауды жинақтау         сыни ой цитата         сын айту         өзіңше баға беру         жеке көзқарас     салыстыру       ұсыныс жасау       әдеби талдау    қоғаммен байланыстыру    сыртқы мәліметтерді енгізу     сараптау      дәлелдеу      метатаным     пәндік білім      үндеу      проблема көтеру»  сынды сөздер. Бұл сөздерді оқушы немесе семинарға қатысушы мұғалім екі топқа бөледі.

                        Шығарма                            бетпен саналады  т.б...

 

 

                           Эссе                                           сөз  санымен саналады   т.б...       

 

Екінші әдіс.  Эссе құрылымына қатысты. Эссе талабында шұбалаңқы сөйлемдер мен тақырыпқа қатысы жоқ артық мәлімет болмауы керек деген критерий бар.  Ол үшін эссені жазушы эссе құрылысын қатаң сақтауы керек. Мен осы жерде оқушыларымды  эссе құрылысын пайызға бөлуді үйреттім.

Яғни, берілген сөздің  кіріспе – 30-35%,  негізгі бөлімі – 45-50%, қорытынды – 20-25%. Мысалы оқушы кіріспеде сөздің 30-35% пайдаланады. Кіріспе критерийіне сай тақырыптың өзектілігін, қоғаммен байланысын, проблемасын, өзіне қоятын кіші сұрағын осы сөз мөлшеріне сыйдырады. Негізігі бөлімде көбіне үш аргумент талдатамын. Бір аргумент және талдауы мен синтезін бір азат жолға сыйдырса, үш азат жолмен тақырыпты ашуға тырысады. Қорытындыда жаңа ой айтпауы үшін де пайызға сүйеніп критерийге сай ойын бекітеді. Мен оқушыға әр сөзін санап отырып жинақтап жазуға негіздедім. Бала осылай жинақы жазуға үйренеді.

      Үшінші әдіс. Оны «Аргументтік талдау формуласы» деп атадым. Жалпы эссенің мазмұны негізгі бөлімде аргументті пайдалануы мен оны талдай алуы арқылы ашылады.Аргумент + талдау (себебі) = жинақтау(нәтижесі). Біріншітақырыпқа қатысты аргумент жазады. Келесі кезекте (талдау-анализ) аргументтің  себебін түсіндіруі керек. Одан соң (жинақтау-синтез) осы себептің нәтижесін көрсетуі керек. Оқушы жазған эсседен мысал көрсетесем:

       Тақырып

(Құқық сабағынан)

         Негізгі бөліміне үлгі

Негізгі бөлімді жасап көріңіз

      Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен  бостандығының маңыздылығы  туралы не білесің?

Біздің еліміз үшін адам және оның өмірі, құқығы мен бостандығы ең бірінші құндылық (аргумент).  Адам болмысы барлық дүниеден биік туруы керек (себебі).Адам баласының басты құндылық болып сақталуы – мемлекет негізін қалайды (нәтижесі).

 

           Төртінші әдіс. Сыни ойлауға  жетелеу жолдары. Ойлау арқылы ойлауды қалай ұйымдастыруға болады?  Мен оқушыларға бірнеше сұрау есімдіктерін ұсынып үш сұрақты таңдауды ұсынамын. Бұл эссе алдындағы ойлану минутына негізделеді. Мысалы, оқушы «Неге?» деген сұрақты таңдаса, осы сұрақпен тақырыпқа қатысты сұрақтар құрастыртамын.

Неге бұл тақырыпты таңдадым? Неге бұл тақырып мен үшін маңызды? Неге бұл тақырыпты өзекті? т.б.

     Келесі «Неліктен?» деген сұрақты таңдаса, аргументке байланысты сұрақ құрастыртамын. Неліктен оқиға осылай өрбіді?  Неліктен бұл аргумент маңызды? Тағы бір мысал, «Қалай?» деген сұрақ таңдаса, өз әрекетіне қатысты сұрақ құрастыртамын. Қалай өз ойымды дәлелдеймін? Аргументті қалай ашамын? т.б. Бұл әдіс оқушының тақырыпқа бірден енуіне, сыни ойлауына, баға бере алуына көмектесті. Осы тәсілдер арқылы оқушыларды эссе жазуға жетелей алдым. Ойларын жүйелеп қағазға түсірулеріне бағыт бердім.

              Жұмыс нәтижесі мен көрсеткіші.Мен өзім ұсынған әдіс-тәсілдер арқылы жетістікке қалай қол жеткіздім? Мен осы қалыппен эссе жазуға балаларды қалай  қалыптастырдым? Тағы бір жаңалығым – сөзі өте аз мөлшерде эссе жаздырудан бастау. Эссенің сөз құрамы анағұрлым аз болса, оқушының ойы да жинақы және критерийлерге сай болады.  Әрине, біз оқушыларды осыған үйреткенде үлкен кедергілерге тап болатынымыз сөзсіз.  Өз тәжірибеммен бөлісіп көрейін.  Мысалы мынадай тақырып:  Махаббат адам үшін ең қажетті, ең ауыр да құдіретті сезім. Талай уақыт  адамдар махаббат үшін өз өмірлерін қиды. Қазіргі жаһандану заманында махаббат адамға қаншалықты деңгейде қажет?

     Осы тақырыпты мен оқушыларға беріп, 280 сөзден тұратын эссе жазғыздым. Оқушылар бірден адасты. Олар бірінші махабаттың құдіреті туралы жазамыз деп 150-ден артық сөздерін жоғалтты, ал тақырыпты ашуға қалған сөздерін жеткізе алмай қиналды. Мен келесі жолы осы тақырыпты қайта беріп сөз санын 40-қа қысқартып тастадым. Оқушылар шу ете қалды. Енді,  40 сөзді пайызға шағып көріңіз. Балалар шығарма жаза алады, тіл байлықтары бар, бірақ осы шағын эссе жазуға келгенде ойлары шашырап кетеді. 40 сөздік эссені балалар 80 минут жазды. Сіздер білесіздер, екі сағатта біз бес-алты беттік шығарма жазғызатынбыз. Бірнеше рет жазып, қысқартып, кесіп, қайта жазып, соңында жазып шықты. Мен сіздерге балалар жұмысының  бір үлгісін ұсынып көрейін: 

             Махаббат қашан да адамға ауадай қажет, алайда оны түсінетін адам аз. (кіріспе: позиция+өзектілік 10 сөз).

            Ғалымдардың пайымдауынша, қылмыскерлердің сексен пайызы

 махаббатты сезбеген,  сондықтан қылмыс жасаған. Қиындығы, жалғаны бар әлемде адамның тірегі махаббат, оны жоғалтқан өмірден айниды.

(негізгі бөлім: аргумент-анализ- синтез, жинақтау, баға беру 21сөз)

            Егер махаббаттың ұлылық деңгейі сақталса, әлем үлкен мәселеден азат болушы еді. (қорытынды:  ұсыныс+ дербестік 10сөз)

(41 сөз)

                                                                         

      Оқушының   тілдік көркемдігінің дамуына, сөз бен тіл мәдениетін сақтап жұмыс жасай алуына, сондай-ақ, өзінің  метатанымын орынды пайдалануы үшін оларға эссе жазуды үйрету керек.  Эссе – білім алушының тілдік, метатанымдық білігін дамыту құралы.